menu
Жабу

Қор Туралы


«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ (бұдан әрі – «Даму» Қоры/Қор) «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 26.04.1997 ж. № 665 қаулысына сәйкес құрылды [1] .

2001 жылға дейін Қор Отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі шаралар бағдарламасы бойынша, сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Азия даму банкінің кредиттік желілері бойынша мемлекеттік бюджет қаражатының пайдаланылуын есепке алу және бақылау жөніндегі агент функцияларын орындады.

2002 жылдан бастап Қор шағын бизнесті тікелей өз қаражатынан кредиттей бастады. «Даму» Қоры «Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне республикалық бюджет қаражатынан кредит беру бағдарламасын» және «Шағын қалаларды дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асырды.

2005 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Үкіметі «ҚР-да шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жеделдетілген шаралар 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын» қабылдады. Осы бағдарламаға сәйкес 2005-2007 жылдар ішінде Қор шағын кәсіпкерлікті (бұдан әрі - ШК) қолдауды жобалық қаржыландыру және лизинг бағдарламаларын, Қазақстанда микрокредит беру жүйесін дамыту бағдарламаларын, екінші деңгейдегі банктерден (бұдан әрі - ЕДБ) алынатын ШК субъектілерінің кредиттеріне кепілдік беру бағдарламаларын іске асыру арқылы жүзеге асырды.

2006 жылғы қыркүйектен бастап «Даму» Қоры «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ акционерлік холдингінің құрамында жұмыс істейді.

«Даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі кейбір шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 22.05.2013 ж. № 571 Жарлығына сәйкес «Даму» Қорының 100% акциялары «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-на (бұдан әрі – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ) берілді. Осы Жарлық шыққанға дейін «Даму» Қоры акцияларының 100% «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на (бұдан әрі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ) тиесілі болды және 28.12.2011 ж. бастап Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің, ал 10.04.2013ж. бастап - Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің сенімгерлік басқаруында болды. Қазіргі уақытта Қордың жалғыз акционері «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ болып табылады.

2007 жылдың аяғынан бері Қор Қазақстан Республикасы Үкіметінің Тұрақтандыру бағдарламасының қаражатын шартты орналастыру жөніндегі оператордың функцияларын жүзеге асырады.

2010 жылдан бастап «Даму» Қоры кәсіпкерлердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудың және кәсіпкерлердің банктер алдындағы кредиттерін кепілдендірудің қаржы агенті болып табылады, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - «БЖК 2020» бағдарламасы) шеңберінде оқыту және консультация беру жөніндегі бағдарламалар операторының функцияларын орындайды.

2013 жылы Жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ ауысты.

2015 жылдан бастап «Даму» Қоры «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қаржылық қолдауды (кәсіпкерлердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, кәсіпкерлердің банктер алдындағы кредиттерін кепілдендіру) іске асыру мен мониторингін жүзеге асыратын қаржы агенті болып табылады.

2016 жылы Қор Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша Қаржы агенті болып таңдалды.

2018 жылы Қор «Қазақстан қор биржасы» АҚ алаңында алғашқы облигацияларын шығаруды жүзеге асырды.

2020 жылы Қор «Астана» халықаралық қаржы орталығының қор биржасының алаңында «жасыл» облигацияларды дебюттік орналастыруды табысты жүзеге асырды;

«Даму» Қорының филиалдары Қазақстанның барлық өңірлерінде жұмыс істейді, жергілікті кәсіпкерлермен, қоғамдық ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен айтарлықтай жұмыс тәжірибесі бар.


[1] Қордың бұрынғы атауы: «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ